1 сәуірден бастап балалар сауықтыру лагерлері лицензиялауға міндетті


15:23, 10 наурыз 2026

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында балалар сауықтыру ұйымдарының қызметіндегі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол 2025 жылдың желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері» мәселелері жөніндегі заң қабылданғанын еске салды.

«Заңға сәйкес 2026 жылғы 1 сәуірден бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдар лицензиялауға жатады. Лицензияның мерзімі – 5 жыл»,- делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, ілім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына түзетулер енгізілгені айтылды:

  • білім беру-сауықтыру бағдарламаларына,
  • педагог қызметкерлерге,
  • материалдық-техникалық жарақтандыруға,
  • санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуына,
  • балалардың болу жағдайларына,
  • тамақтандыруды ұйымдастыруға,
  • медициналық қызмет көрсетуге,
  • қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

«Сондай-ақ, «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, діни білім беру, кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтері саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына2 білім беру-сауықтыру қызметтерін электрондық лицензиялау жүйесін енгізу бойынша өзгерістер енгізілуде»,- делінген министрдің жауабында.

Мұнымен қоса, бағдарламалардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін және балалар демалыс орталықтарын лицензиялаудың негізі болып табылатын Білім беру-сауықтыру бағдарламаларын бекіту қағидаларының, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының жобалары хабарламалық және лицензиялық тәртіптің аражігін қамтитын жаңа редакцияда әзірленді.