Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Испания жағалауын қазақ ауылына айналдырды


14:22, 10 наурыз 2026

Испанияның Галисия өңірінде әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері ерекше жоба жүзеге асырды. Атлант мұхитының жағалауы бір күнге қазақ ауылына айналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lavozdegalicia басылымының жазуынша, Испанияның түкпір-түкпірінен келген Димаштың жанкүйерлері мұнда әншінің туған күнін (24 мамырда атап өтіледі) құттықтау үшін бейнебаян түсіруді мақсат еткен.

Түсірілім Морейрас шаруашылығында басталып, онда аттармен және бүркітпен аңшылық сахналары ұйымдастырылған. Кейін О-Валь-Минор ауданында көшпелі мәдениеттің тағы бір символы – киіз үй тігілген.

Сурет: lavozdegalicia

Жобаның идеялық демеушілерінің бірі – Испаниядағы Димаштың ресми фан-клубының мүшесі, La Voz басылымының журналисті Йоланда Гарсия.

«Димаштың өнеріне деген құштарлық бірегей. Оның музыкасы адамдардың өміріне өзгеріс әкеледі. Дауысымен және талантымен ол жай вокал техникасынан әлдеқайда артық нәрсені жеткізеді», – деп түсіндірді ол.

Бейнебаянға Испанияның әр түрлі аймақтарынан келген шамамен 25 адам қатысып жатыр. Солардың ішіндегі ең үлкені – Жиронадан келген 72 жастағы Фуэнсанта Гомес. Ол үш жыл бұрын әншінің жанкүйері болып, осы уақыт ішінде 16 концертіне барған.

«Тағы төрт концертті өткізіп алдым, оған қатты өкінемін!» – деді Фуэнсанта Гомес.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 1994 жылғы 24 мамырда дүниеге келген, биыл талантты әнші 32 жасқа толады.