12:24, 19 ақпан 2026
Ресей мен АҚШ Украинаға қатысты келіссөздер аясында екіжақты экономикалық жұмыс тобын құруға уағдаласты, деп хабарлайды Zakon.kz.
РБК-ның жазуынша, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтонмен қарым-қатынасты «прагматикалық» деп атап, тараптар бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескеретінін айтты.
Лавровтың мәлімдеуінше, әскери-саяси мәселелер бойынша Женевада кеңейтілген құрамда өтіп жатқан келіссөздерден бөлек, тараптар екіжақты экономикалық жұмыс тобын құру туралы келіскен.
«Біз америкалық әріптестермен әскери-саяси бағыттағы келіссөздермен қатар, екіжақты экономикалық жұмыс тобын құруға уағдаластық. Осы топ аясында барлық мәселелерді талқылаймыз. Дональд Трамп әкімшілігінің түсінігіндегі өзара тиімділік дегеннің не екенін білгіміз келеді», – деді ол Al Arabiya арнасына берген сұхбатында.
Лавровтың айтуынша, екі ел бір-бірінің ұлттық мүдделерін мойындайды. Мүдделер тоғысқан жерде «пайда табу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажет».
Сонымен бірге ол Дональд Трамп кезеңіндегі АҚШ-пен қатынастарды «прагматикалық» деп бағалады. Алайда АҚШ-тың «Лукойл» мен «Роснефть» компанияларына қарсы енгізген санкцияларын «күтпеген шешім» деп атады.
Айта кетейік, 17–18 ақпанда Женевада Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің үшжақты келіссөздері өтті.






Leave a Reply