әнші қандай жағдайда жанкүйерімен жеке кездеседі


Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жанкүйерлерінің бірімен жеке кездесуге уәде беріп, ол үшін не істеу керектігін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Халық әртісі 2026 жылғы 3 ақпанда өзінің Instagram парақшасында ерекше челлендж бастайтынын жариялады.

«Достар, жобамыздың премьерасы жақындады. Осыған орай, қызық болсын деген ниетпен кішігірім челлендж бастаймын. Достарыңызды @voicebeyondhorizon парақшасына шақыру керек және шақырылған адам міндетті түрде @voicebeyondhorizon парақшасына тіркелуі тиіс. Ең көп тіркелуші алып келген адаммен жеке кездесіп, құрметті қонақ қылдырып, бір күн бірге өткізсек деймін. Қаласаңыздыр жеңімпаздың қаласына немесе еліне өзім барып келуге де дайынмын»,- деп мәлімдеді Димаш.

Белгілі болғандай, челлендж 3 ақпан мен 20 ақпан аралығында өтеді.

«Таныстарыңызды дәл осы видеоның астына тіркеп, шақыра берсеңіздер болады»,- деп қорытындылады әнші.

Бұған дейін Димаш Құдайберген өзінің жаңа жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтып бергенін жазғанбыз.