Сауда және интеграция министрлігі Қазақстандағы еттің қымбаттау себептерін түсіндірді


Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова 2026 жылғы 4 ақпанда Мәжілістегі кулуарларда Қазақстандағы ет бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, еттің қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді.

«Мал басын қалпына келтіру процесі ұзаққа созылады. Екіншіден – көршілеріміз, әсіресе Өзбекстан, ет тұтынуды айтарлықтай арттырды. Өзбек әріптестеріммен сөйлестім – олар бұрын әртүрлі себептермен аз тұтынатын болса, қазір етке сұраныс айтарлықтай өскенін растады. Географиялық жағдайына байланысты олар біздің деңгейде мал басын өсіре алмайды», – деді вице-министр.

Сондықтан, ет бағасы көрші елдерде де өсуде.

«Біз – ең жақын жеткізуші ел. Олар бізден ет сатып алуды күшейтті. Ал біздің ішкі ұсыныс шектеулі және экспорт өсіп келе жатқандықтан, қазақстандықтарды етпен қамтамасыз ету мақсатында кейбір шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болдық», – деп қосымша түсіндірді Қушукова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сиыр етін экспорттауға қойылған шектеулердің мерзімі ұзартылғаны хабарланған еді.