20:41, 10 наурыз 2025
Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзаттың тәтесі Перизат Нұрымова көптің қолдауының арқасында баспаналы болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сүйінші хабарды әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Дінмұхаммед Қаматай жеткізді.
«Бұл үй тек баспана ғана емес, ол – жаңа өмірдің бастауы. Алты баланың анасы Перизаттың өміріне сенім сыйлаған барша жанашыр азаматтарға алғысымыз шексіз. Қиын сәтте қолдау көрсету – әрқайсымыз үшін маңызды. Біз бұл отбасының жалғыз еместігін көрсеткіміз келді,» – деп жазды ол.
Перизат Нұрымова да барша жанашыр жандарға ризашылығын білдірді.
«Үлес қосып, бізге көмектескен барша халыққа алғыс айтамын,» – деді ол.
Айта кетсек, 2024 жылы 4 қазанда Алматы облысы Талғар ауданында әке-шешесінің көзінше 16 жасар Шерзат Полат қандықол қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізуді сұрап, көшеге шықты. 16 қазанда олардың үйі түгі қалмай өртеніп кетті. Полиция мұның қасақана от қою екенін растады. 9 қазанда Шерзат Полаттың ағасы асулы күйінде табылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұқбатында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты пікір білдірді. 2025 жылы 27 ақпанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.






Leave a Reply