АҚШ Мемлекеттік департаменті қауіпсіздік шараларын күшейтті


14:20, 13 қаңтар 2026

АҚШ Мемлекеттік департаменті 100 мыңнан астам визаның күшін жойды. Олардың ішінде шамамен 8 мың студенттік виза және 2,5 мыңға жуық арнайы виза бар. Бұл визалар бұрын қылмыстық әрекеттерге байланысты құқық қорғау органдарымен байланысы болған адамдарға берілген, деп хабарлайды Zakon.kz.

X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл шаралар елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Нақтылай айтқанда, АҚШ аумағында заң бұзғаны анықталған тұлғалардың визалары ғана жойылған.

«Біз бұл қылмыскерлерді депортациялауды жалғастырамыз, осылайша Америка қауіпсіз ел болып қала береді», – деп мәлімдеді АҚШ-тың дипломатиялық ведомствосы.