Астанада ерекше балалардың ата-аналарын қорлаған блогер полицияға жеткізді


14:53, 2 желтоқсан 2025

Астана полициясы ерекше балалардың ата-аналарына қатысты дөрекі пікір айтқан блогердің видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырғанын хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Департаменттің баспасөз қызметі 2 желтоқсанда келесідей ресми ақпарат берді:

«Әлеуметтік желіде жарияланған, ерекше балалардың ата-аналарына қатысты қорлайтын және ұят сөздер айтылған блогердің видеосы бойынша әкімшілік іс қозғады. Блогер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Шағын құқық бұзушылық фактісі бойынша материалдар жинақталып, сотқа қарауға жіберіледі», – делінген хабарламада.

Астана полициясы интернетте қорлайтын материалдарды тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

«Азаматтарды контент жариялау кезінде жауапкершілік танытуға, басқа адамдардың құқықтары мен сезімдерін құрметтеуге, сондай-ақ қоғамдық мораль мен этика нормаларын сақтауға шақырамыз», – деді полиция.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Казнетте есту қабілеті бұзылған таксисті алдаған оқиға қоғамда резонанс тудырған еді. Сол жолаушы табылып, төлем жасатып, түсініктеме беруге мәжбүр болған.