«Үркер – 2025» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды


20:13, 7 қараша 2025

Астанада «Үркер – 2025» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті. Аталмыш сыйлық баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы мамандардың кәсіби жетістіктері үшін беріледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл сыйлыққа 400-ден астам өтініш келіп түсті. Шорт-листке 44 үміткер енді. Жұмыстар 11 номинация бойынша ұсынылды, оның ішінде «Жылдың үздік журналисі», «Үздік репортаж», «Үздік жаңалықтар сайты» және басқалары бар.

Жеңімпаздарға естелік мүсіншелер мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

Сондай-ақ «Үркер – 2025» ұлттық сыйлығының арнайы марапаттары да табысталды.

Арнайы сыйлықты «Казахстанская правда» республикалық газеті – басылымның 105 жылдығына орай, Kazinform ақпарат агенттігі – 105 жылдық мерейтойға орай, Zakon.kz интернет-басылымы – Жұмысшы мамандықтары жылына арналған арнайы аталым бойынша иеленді.

Айта кетейік, 2017 жылдан бері «Үркер» ұлттық сыйлығына 4200-ден астам жұмыс ұсынылды, олардың 440-ы шорт-листке енді. Осы уақыт ішінде «Үркер» естелік мүсіншесі 133 үздік отандық БАҚ өкіліне табысталды, олардың жұмыстары журналистиканың түрлі салаларында жоғары бағаланды.

«Үркер — 2025» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары:

  • Жылдың үздік сұқбаты: Бауыржан Карипов – Qaz365.kz ақпараттық агенттігі
  • Жылдың үздік репортажы: Иван Сухоруков – Tengrinews.kz сайты
  • Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал: Тамара Вааль – Vlast.kz сайты
  • Жылдың үздік журналистік зерттеуі: Майра Ерғали – «Атырау» газеті
  • Жылдың үздік аналитикалық материалы: Илья Пащенко – «Казахстанская правда» газеті
  • Радиостанциядағы үздік жоба: «Нысана» – «Шалқар» ұлттық радиоарнасы
  • Жылдың үздік фотосуреті: Игорь Бургандинов – «Казахстанская правда» газеті
  • Жылдың үздік жаңалықтар порталы: Adyrna ұлттық порталы
  • Үздік өңірлік БАҚ: «Астана ақшамы» газеті
  • Жылдың үздік подкасты:Qstar Group
  • Жылдың үздік YouTube-арнасы: Эксперты KZ.

Zakon.kz сайтының редакциясы әріптестерін алған марапаттарымен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейді.