Абай облысында банк алдындағы берешегін сегіз жыл бойы өтемей келген жүргізуші ұсталды


17:46, 31 қазан 2025

Семей қаласында полицейлер бірнеше жыл бойы банк алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындаудан жалтарып жүрген 32 жастағы Lexus автокөлігінің жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Қорғау» ақпараттық жүйесі арқылы тексеру барысында ер адамның 2017 жылдан бері екінші деңгейлі банкке 173 000 теңге көлемінде берешегі бар екені анықталды.

Банк пен сот орындаушылары тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, борышкер қарызын өтеуден жалтарған.

Нәтижесінде жүргізушінің Lexus автокөлігі ұсталып, берешегі өтелгенге дейін арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция сот шешімдерін орындамау және қарыздарын төлемеу шетелге шығуға тыйым салу, мүлікті тәркілеу және өзге де заңды мәжбүрлеу шараларына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.