Президент Мәскеудегі беделді институттың ректорын қабылдады


16:31, 31 қазан 2025

Президент 2025 жылғы 31 қазанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректорын қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда мәліметіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкуновпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы ММХҚИ-дің халықаралық қатынастар саласы бойынша білікті мамандарды даярлаудағы беделін жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында ММХҚИ филиалының ашылуын құптады. Қазір мұнда 100 студент білім алуда»,- делінген ақпаратта.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей академиялық қауымдастықтарының нәтижелі ықпалдастыққа ұмтылысы екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев МИФИ ректорымен еліміздегі АЭС құрылысы жайлы әңгімелескенін жазғанбыз.