17:42, 22 қазан 2025
ҚР Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) қызметкерлері Ресейдегі интернет-алаяқтардың трансұлттық желісінің көзін жойды. 2025 жылғы 22 қазанда ведомствоның баспасөз қызметі осы сипатта ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Арнайы операцияға қатысты егжей-тегжейлі мәліметпен ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев бөлісті:
«21 қазанда іссапар барысында ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Ресей Федерациясының ІІМ Киберполиция басқармасымен бірлесіп, ұзақ мерзімді жедел шаралар нәтижесінде Ресейдің үш өңірінде интернет-алаяқтардың жолын кесті. Олар Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасау үшін sim-карталарды жеткізу және қосу арнасын ұйымдастырған».
Арнайы операция нәтижесінде күдіктілерден 11 sim-box құрылғысы, 3 ноутбук, 31 ұялы телефон, сондай-ақ 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық sim-карталар тәркіленді.
«Тәркіленген ноутбуктерде 2023 жылдың басынан бастап іске қосылған түрлі байланыс операторларының абоненттік нөмірлері туралы мәліметтер сақталған «лог-файлдар» табылды. Бұл нөмірлер алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланылған. Заңсыз әрекеттері үшін Ресей Федерациясының төрт азаматы ұсталды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасуда. Бірлескен әрекеттер sim-карталарды жеткізу арнасын және трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатуға, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға, сондай-ақ халықаралық киберқылмысқа елеулі соққы беруге мүмкіндік берді», — деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.






Leave a Reply