Мәжіліс депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қатысты полицияның заңсыз әрекеттерін сынға алды


15:20, 13 қазан 2025

Мәжіліс депутаты Снежана Имашева тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі полицияның заңсыз әрекеттеріне назар аударды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутаттың айтуынша, құқық қорғау органдарының кейбір өкілдері зорлық-зомбылық құрбандарына қарсы негізсіз шаралар қолдануда.

«Бас прокуратураның деректері бойынша, ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу орнына жәбірленушілерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 438-бабы – «Жалған шақырту» бойынша жауапқа тартқан. Соның салдарынан 2025 жылдың алғашқы алты айында осындай істер бойынша арыздар саны 19%-ға азайды», – деді Снежана Имашева.

Оның айтуынша, бұл жағдай азаматтардың құқықтарын бұзып қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған мемлекеттік бастамалардың мәнін жояды.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Саденов Қазақстанда қылмыстарды кімдер жиі жасайтынын айтып өткен еді.