Ақтөбеде алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 34 кәсіпкер жауапқа тартылды


12:33, 25 ақпан 2025

Ақтөбеде учаскелік полиция инспекторлары мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 17-23 ақпан аралығында жүргізген рейдтік шаралар барысында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 34 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Олардың үшеуі ойын-сауық мекемелерінің, төртеуі алкомаркеттің, 27-сі дүкеннің иелері. Алкоголь өнімін өткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың 31 фактісі (ҚР ӘҚБтК -нін 200-бабы) анықталды.

Мысалы, қаладағы түнгі клубтардың бірінде 21 жасқа толмаған тұлғаға сыра сатқаны үшін иесіне айыппұл салынды.

Сондай-ақ полицейлер алкогольді тиісті рұқсатсыз немесе лицензиясыз сатудың 12 фактісінің (ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы) жолын кесті.

Аталған әкімшілік материалдар бойынша 1300-ден астам бөтелке (арақ, сыра, шарап және т.б.) тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.