Алматы полициясы іздеуде жүрген тоғыз адамды қолға түсірді


21:16, 27 тамыз 2025

Алматыда полиция бір тәулікте бірнеше қылмысты әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматыда 26 тамыздан бастап республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды.

Іс-шараның алғашқы күні-ақ полицейлер «ізін суытпай» 24 қылмыстың бетін ашты.

«Әшкереленген құқық бұзушылықтардың қатарында ұрлық пен алаяқтық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізу деректері бар», — делінген хабарламада.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары бұрын жасалған 14 қылмысты ашып, іздеуде жүрген тоғыз адамды қолға түсірді. «Нелегал» санатында есепте тұрған 13 адам да анықталды.

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы 28 тамызға дейін жалғасады.