Астанада жолаушыға қатысты үкім шығарылды


16:05, 20 ақпан 2025

2025 жылғы 20 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны және әуе кемесінің бортында бұзақылық жасағаны үшін Т.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айта кетсек, 2025 жылдың 13 қаңтарында сотталушы Т., алкогольдік масаң күйінде «FlyArystan» АҚ-ның Астана – Өскемен бағытындағы әуе кемесі бортында бұзақылық жасап, яғни қоғамдық тәртіпті ерекше өрескел бұзып, қоғамды құрметтемеуді анық білдіріп, әуе кемесінің бортсерігіне күш көрсетіп, оны ұрып-соғып және жолаушының ескертуін елеместен, оны да ұрып-соғып, екі жәбірленушіге де дене жарақатын келтірген.

Сонымен қатар, ол бомба барын хабарлаған. Оның жалған хабарламасы нәтижесінде 153 жолаушы түсіріліп, қайта тексеруден өтіп, көліктегі ПД мен «FlyArystan» АҚ-ға материалдық шығын келтірілген.

Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, жәбірленушілердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

«Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайларын, ауырлататын мән-жайдың болуын ескере отырып, сот үкімімен сотталушы Т. ҚК-нің 273-бабы және 293-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылды»,- делінген ақпаратта.

Бұған дейін Жетісу облысында 8,1 млн теңгеге күдікті аударымдар бұғатталғаны хабарланған болатын.