Алматыда 85 жасар әжей ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ тапсыруға келді


09:21, 15 тамыз 2025

13 тамызда Алматы қаласында өткен тамыз айындағы ҰБТ-ға ерекше қатысушы 85 жастағы Нұрихан апа келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық тестілеу орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ана, жастық шағында қол жетпеген арманына – жоғары білімге – енді қол созуда. Биыл Нұрихан апа көптен бергі арманын орындап, университетке түсу үшін ҰБТ тапсырып көруді ұйғарған. Жақындарының қолдауымен ҰБТ-ға тіркеліп, көптен күткен сәтіне жетті.

Тестілеу күні балалары демеуші болып жанынан табылды. Емтихан басталар алдында Нұрихан апа талапкерлерге ақ батасын беріп, «Оқу мен білімге ұмтылу – ешқашан кеш емес» екенін жүрекжарды тілегімен жеткізді.

«Бұл жолы компьютермен жұмыс істеу дағдысының жоқтығы тест тапсыруға кедергі болды. Дегенмен, Нұрихан апа компьютерді үйреніп, келесі жылы қайта келуге ниетті екенін айтты»,- делінген ақпаратта.

Сурет: Telegram/TESTCENTERKZ

Ұлттық тестілеу орталығы Нұрихан апаға мықты денсаулық, табыс және жігер тіледі.

Бұған дейін Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың бұрынғы басшыларына қатысты сот үкімі шыққандығын жазған болатынбыз.