Қытайлық мотоциклші Маңғыстаудағы тас жолда тұралап қалды


09:25, 11 тамыз 2025

Маңғыстау облысында патрульдік полицейлер шетел азаматына көмектесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылғы 10 тамызда республикалық Шетпе — Сайөтес — Бейнеу тас жолында Маңғыстау облысының патрульдік полиция қызметкерлері Сайөтес ауылына қарама-қарсы жол жиегінде жүрген және Ақтау қаласына қарай қозғалысын жалғастыра алмаған Қытай Халық Республикасының азаматы – мотоциклшіге көмек қолын созды.

«Полиция тоқтау себебін анықтау үшін шетелдіктен себебін сұрайды. Әңгімелесу барысында туристің мотоциклінің дөңгелегі жарылып кеткені және оның баратын жеріне өз бетінше жете алмағаны анықталды»,- делінген ақпаратта.

Осылайша, патрульдік полиция қызметкерлері ГАЗель жүк көлігін тоқтатып, жүргізушімен шетелдік туристі мотоциклмен бірге Ақтау қаласына жеткізу туралы келісім жасаған.

«Бұл жағдай полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, сондай-ақ азаматтығына қарамастан қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету екенін тағы да растайды»,- деп қорытындылады ІІМ.

Бұған дейін Қаламқас кен орнында жол апаты болып, екі адамның зардап шеккенін жазғанбыз.