Елордада 5 мыңға жуық оқушы бір сәтте Абай әнін орындады


12:56, 10 тамыз 2025

Ұлы ақын Абайдың 180 жылдығына орай Астана қаласындағы №101 орта мектепте елорданың 5000-ға жуық оқушысы «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге орындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Рухани іс-шараның мақсаты – қазақстандықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтап, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау.

Бұл іс-шараға елордадағы №17, 45, 59, 71, 78, 79, 87, 89, 90, 97, 99, 100, 101, 111 мектептерінің оқушылары, сондай-ақ №1 балалар музыка мектебі, Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі, Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі, Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебі, №2 балалар өнер мектебі және Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысып, ақынның танымал әнін асқақтата шырқады.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Бес мыңға жуық оқушының бәрі «Абай-180 жыл» деген жазуы бар футболка киіп, әнді орындап біткен кезде қолдарына ұстаған көк қағаздарды жоғары көтеру арқылы, жоғарыдан қарағанда көрінетіндей етіп, «Абай» деген жазуды шығарды.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Еске сала кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келедi. Білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда 140-тан астам түрлі шара ұйымдастырылды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдағаны хабарланған.