Сырдария өзенінен заңсыз су тартқан 9 насос қондырғысы анықталды


12:54, 27 шілде 2025

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Сырдария өзенінен заңсыз су тартқан тоғыз насос қондырғысын анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Анықталған фактілер бойынша 9 әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы шамамен 1,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

«2025 жылдың басынан бері Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы арнайы су пайдалануға рұқсаты жоқ 62 адамды анықтады. Бұл азаматтарға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 12,7 миллион теңгеден асты», — деп мәлімдеді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, тағы бір заңсыз су пайдалану жағдайын Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының қызметкерлері тіркеген. Онда негізгі су құбырындағы ақау мен су есептегіш құрылғының дұрыс жұмыс істемеуі анықталған.

Бұл дерек бойынша су пайдаланушыға айыппұл салынып, бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілген.