Алматы хайуанаттар бағындағы «лас тоғандар»: мамандар мәлімдеме жасады


Хайуанаттар бағының қонақтары аумақтағы тоғандар мен көлшіктерге қатысты жиі шағым білдіріп жатады. Келушілердің пікірінше, зообақта тоғандарға тиісті күтім жасалмайды және тазаланбайды. Алайда, бүгін 2025 жылғы 8 шілдеде зообақ қызметкерлері бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме берді.

Маманның айтуынша, Алматы зоопаркінің тоғандарында өсімдіктердің көп екені рас. Алайда бұл – кездейсоқтық емес, керісінше әдейі жасалған экожүйенің бір бөлігі.

Белгілі болғандай, бұл өсімдіктер маңызды экологиялық қызмет атқарады:

  • суды тазартады;
  • суды оттегімен байытады;
  • балықтарға, әсіресе кои тұқымдас тұқы балықтарға пана болып, қорек көзі қызметін атқарады.

«Бұл өсімдіктер — табиғи биофильтрлер, олар химиялық заттарды қолданбай-ақ экологиялық қауіпсіз ортаны сақтауға көмектеседі. Әсіресе жаздың аптап ыстығында бұл өте маңызды». Алматы хайуанаттар бағы

Сондай-ақ, хайуанаттар бағының бір тоғанында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жаңғақтұқымды лотос өсірілуде екені атап өтілді.

«Зообақтағы тоғандар артық өсімдіктерден тұрақты түрде тазартылып тұрады. Су айдындарын күтіп-баптау — халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі.Бұл біздің күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Өйткені жануарларға қолайлы жағдай жасау — олардың айналасындағы табиғи, экологиялық ортаның тазалығынан басталады»,- деп қорытындылады ведомство.

Бұған дейін Қазақстанда сиыр еті неге қымбаттап жатқандығын жазғанбыз.