Антикор сотталып шыққан Мұсайбековтің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді


19:20, 30 маусым 2025

2025 жылғы 30 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Мұсайбеков бұған дейін алаяқтық үшін сотталған.

Ол кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») сыбайлас жемқорлық қылмысы болып есептелмеген.

«Қазір 189-баптың 4-бөлігі – Сыбайлас жемқорлыққа жатқызылған. Енді осы бап бойынша сотталған адамдар ешқандай лауазымды қызмет атқара алмайды. Оларға мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және басқа да орындарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынады», — деді Данияр Биғайдаров.

Оның айтуынша, бұл заңнама 2022 жылы Антикордың бастамасымен өзгертілген.

Еске салайық, 2025 жылғы 18 маусымда Сәкен Мұсайбековтің «Барыс» клубының бас директоры болып тағайындалғаны хабарланған еді.