ІІМ мектептегі бейресми көшбасшылар жайлы айтты


20:09, 26 маусым 2025

26 маусым күні Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ювеналдық полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов кейбір жасөспірімдердің өз қатарластарына қалай ықпал етіп жүргенін баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полицейлер Қазақстан мектептерінен 1 800 бейресми көшбасшыны анықтаған.

«Биыл мектептерде бопсалау бойынша 44 дерек тіркелді. Бұл – тікелей жұмыстың нәтижесі, өйткені бопсалау – жасырын, анықталуы қиын құқықбұзушылық. Ол көбіне кәмелетке толмағандар арасында, камера жоқ жерлерде болады, ешкім ештеңе айтпайды. Біз бұл деректерді сұхбат, сауалнама және сенімге негізделген әңгімелер арқылы анықтап жатырмыз», — деді Әсет Оспанов.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев бұл іспен кімдер жиі айналысатынын да айтты:

«Бұрын атаман деп атайтын, қазір бейресми лидерлер деп жүрміз. Бұлар айналасына топ жинап, мектепте қысым көрсетуді бастайды», — деді ол.

Сондай-ақ ол мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамаға қандай өзгерістер енгізілгенін түсіндірді:

«Қазір мектеп әкімшіліктері өте жақсы көмектесіп жатыр. Біз Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп бірқатар жұмыс жүргіздік. Бұрын қандай да бір мектепте құқықбұзушылық орын алса, мектеп директоры жазаланып, қызметтен кетіп, рейтингі төмендейтін. Қазір министр ведомстволық бұйрықтарға өзгеріс енгізді: енді мектеп директоры немесе оқу ісі жөніндегі орынбасары осындай құқықбұзушылықты өзі анықтаса, ол үшін жазаланбайды, керісінше марапатталады. Яғни, енді олар бұл фактілерді жасырмайды», — деді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.