Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжанның «Каспий самалы-2025» әскери-теңіз жаттығулары аяқталды


16:30, 19 маусым 2025

Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері әскери-теңіз базасының пирстерінде «Каспий самалы-2025» бірлескен әскери-теңіз жаттығуларының жабылу салтанаты өтті.

Оған Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы мен екі елдің әскери қызметшілері қатысты.

«Бүгін біз Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштері өткізген «Каспий самалы» бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуының сәтті аяқталғанын салтанатты түрде атап өтеміз. 2015 жылдан бастап біз тұрақты және нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келеміз. Оқу-жаттығулар екі ел арасындағы жауынгерлік дайындық пен бауырластық байланыстардың тағы бір дәлелі болды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен өзара іс-қимыл жыл сайын нығая берсін», – деді оқу-жаттығудың жетекшісі Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары 1 дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Сурет: ҚР

Жаттығу қорытындысы бойынша екі елдің үздік әскери теңізшілеріге құрметті кубоктар табысталды.

Бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырудың жоғары деңгейі, оқу-жаттығуларды дайындауға және өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар әскери қызметшілер Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының атынан грамоталармен марапатталды.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінің қазақстандық секторында үш жүзге жуық әскери теңізшінің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығулар өткенін еске саламыз.

Қазақстан тарапынан маневрлерге «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемелері, жауынгерлік қайықтар, гидрографиялық кемелер және ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы тартылды. Әзербайжан Әскери-теңіз күштерінен «G-122», «G-124» және «G-129» күзет кемелері қатысты.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығу барысында әскери теңізшілер бірлескен маневр жасау элементтерін, іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерді тойтару мәселелерін пысықтады.

Диверсияға қарсы қамтамасыз ету мен әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Екі елдің кеме экипаждарының жеке құрамы теңіз, әуе нысандары бойынша атыс жүргізу және жүзбелі миналарды жоюды пысықтады.