Параволейболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия чемпионы атанды


Қытайдың Ханчжоу қаласында параволейболдан өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай командасын 3:2 есебімен (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 15:8) жеңіп, өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды.

Финалдық ойындар қорытындысы бойынша Қазақстан – бірінші, Қытай – екінші, Таиланд құрамасы – үшінші орынға ие болды.

«Өткен жылы Париж Паралимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен құрама бүгін де елімізге қуаныш сыйлады. Бұл — параволейбол құрамасы тарихындағы, жалпы ел спортындағы ірі жеңістердің бірі. Азия чемпионатының бүгінгі нәтижесі бойынша ұлттық құрамамыз 2026 жылы Әлем чемпионатына қатысады», — деді Параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов.

Чемпионат барысында жоғары шеберлік көрсеткен ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы жеке марапаттарға ие болды. Эрик Каскабаев – үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов – үздік либеро, ал Алмат Оспанов – үздік блок қоюшы атанды.

Еске салсақ, 2024 жылғы Париж Паралимпиадасында параволейболдан ұлттық құрама 5-і орын иеленген болатын.