Шенеунік пен кәсіпкер 18 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін сотталды


14:12, 13 маусым 2025

Бурабай аудандық сотында бюджет қаражатын талан таражға салды деген айыппен ТКШ бөлімі мен «I» ЖШС-і басшыларына қатысты істі қарап, үкім кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облысы Бурабай аудандық сотының таратқан ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы ТКШ бөлімі мен «I» ЖШС-і арасында қазандықты жөндеу бойынша шарт жасалды.

«Жөндеу барысында қосымша сорғыларды орнату қажеттілігі туындады. ТКШ бөлімінің басшысы А.-ның нұсқауымен басқа ЖШС-нен алынған сорғылар уақытша орнатылып, кейін «I» ЖШС-і жаңасын қоюға тиіс болды. «I» ЖШС-нің басшысы Ж сорғыларды сатып алу туралы анықтама мен жұмыстарды қабылдау актісін дайындаған. А. анықтама мен актіге қол қойып, нақты сатып алынбаған сорғыларды сатып алынды деп «I» ЖШС-нің шотына ақша аудару үшін берді»,- делінген ақпаратта.

Бұл ретте, қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде, мемлекетке 18,2 млн. теңге сомасына залал келтірілгені атап өтілді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген материалдық залал ішінара 6,9 млн.теңге сомасына өтелген, залалдың қалған бөлігін «І» ЖШС-і сотта істі қарау барысында өтеді.

Осылайша, сот үкімімен Ж.-ға 7 жыл бас бостандығынан айыру, А.-ға – өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырумен 7 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.