Енді АҚШ пен Еуропадан әкелінетін дәрі-дәрмектер Қазақстанға жылдам жетеді


14:20, 3 маусым 2025

2025 жылғы 3 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев кейбір елдерден әкелінетін дәрі-дәрмектер неге жеделдетілген тәртіппен тіркелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Спикер қазіргі таңда дәрі-дәрмектердің Қазақстан аумағына кіру ережелері мен моделі тым күрделі екенін және көп уақыт алатынын мойындады.

«Орта есеппен дәрілік заттың Қазақстан аумағында айналымға түсуі үшін 2 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет», – деді Ержан Нұрлыбаев.

Алайда бұл процесті Денсаулық сақтау министрлігі қайта қарастырып жатыр. Біріншіден, «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызмет енгізіледі. Осы қызмет аясында дәрі-дәрмектерді 100 күннің ішінде тіркеуге мүмкіндік беретін норма іске асырылады.

«Бізде күшті реттеуші жүйелері бар елдер бар. Осыны ескере отырып, екінші рәсім – көрсетілген тізімге кіретін елдерден әкелінетін дәрі-дәрмектерді жедел тіркеу. Бұл елдерге ЕО елдері, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания жатады. Аталған елдерден келген дәрі-дәрмектерді тіркеу 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылмақ», – деп түйіндеді Ержан Нұрлыбаев.

Бұған дейін Маңғыстау облысында полицияның тұрғыннан ақша бопсалағандарды анықтағанын жазған болатынбыз.