12:32, 18 мамыр 2025
17 мамырда кешке Тараз тұрғындары үрейлі оқиға куәсі болды. Ер адам телевизиялық мұнара басына шығып, айқайлаған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқыс оқиға сағат 21: 40-та қаланың 15 ықшам ауданында болған.
«Ер адам №60 үйдің артындағы мұнараға көтеріліп, секірмек болды. Оқиға орнына төрт құтқарушы мен техника жедел түрде аттанды», — деді Жамбыл өңірінің ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар альпинистік жабдықтар мен басқа да құрылғылардың көмегімен ер адамды жерге аман-есен түсіріп, оны 103 қызметі өкілдеріне тапсырды.
Үрейі ұшып, биіктегі адамның өміріне алаңдаған қала тұрғындары ол аман-есен жерге түсірілгенде ТЖД қызметкерлеріне қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
2025 жылы 11 мамырда Астанада «Қараөткел» көпірінен секірмек болған 32 жастағы ер адамды құтқарушылар аман алып қалды.






Leave a Reply