Өскелең ұрпақтың тәртіпті, көзі ашық болуы маңызды


13:08, 30 қаңтар 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде еліміздің көркеюі мен тұрақтылығы баршамыздың ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда. Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болып, жақсы мен жаманды айыра білуінің маңызды екенін атап өтті.

«Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстанның мықты, қуатты және озық болуы тек халыққа байланысты екенін жеткізіп, елдің көркеюі мен қауіпсіздігі үшін әр азаматтың жауапкершілігін атап өтті.

«Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!» – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында барша форум қатысушыларын, әсіресе еріктілерді, еліміздің дамуы мен гүлденуіне белсенді атсалысуға шақырып, олардың күш-жігерін жоғары бағалады.