Қонаевтағы желкенді спорт орталығы әкімдік меншігіне өтті


22:10, 17 ақпан 2026

Желкенді спорт оқу-жаттығу орталығы Қонаев қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне қабылданды. Бұған дейін нысан «Қонаев» ӘКК» АҚ-ның теңгерімінде болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қонаев қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, желкенді спорттың оқу-жаттығу орталығы қаланың коммуналдық меншігіне мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің теңгеріміне өтеусіз қабылдап алынды. Теңгерімдік құны – 31 649000 тг. Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Аумағы – 2 га, нысанның ауданы 380 шаршы метрді құрайды.

«Бүгінде Қонаевта желкенді қайық спорт түрін дамыту көзделуде. Осы мақсатта 2 жол қарастырылуда, бірі – бюджет есебінен нысанды жаңғырту болса, екіншісі – инвесторларды тарту арқылы орталықтың жұмысын жандандырып, ғимаратты жаңалау. Қазіргі таңда инвесторлардан 5 түрлі жоба түсіп, қарастырылуда», — деп хабарлады қала әкімдігі.

Қала әкімі Асхат Бердіханов мәселелерді талқылау бағытында инвесторлармен, спортпен айналысатын балалардың ата-аналарымен кездесті.

«Біздің мақсат – балалардың спортпен шұғылдануына ыңғайлы жағдай жасау. Бұған дейін көңіл бөлінбей қалғаны жасырын емес. Желкенді қайық спорты -Қонаев қаласының айнасы болуға лайық спорт түрлерінің бірі», – деді ол.

Жиын қорытындысында шаһар басшысы осы түйткілді бақылауға алуды әкім аппаратына тапсырды.