Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақтарының тұрғындарына үндеу жолдады


10:59, 22 шілде 2025

2025 жылдың 23-24 шілдесі аралығында Қазақстанда «Жер-2025» ұлттық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы ел тұрғындарына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствода оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шымкентте орналасқанын түсіндірді.

24 шілдеде сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы ықтимал еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.

Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.

Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі.

Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен 4 далалық медициналық аурухана көрсетілетін болады.