Павлодарда бес ата-анаға әкімшілік шара қолданылды


17:43, 22 сәуір 2025

«Семья и дети» қоғамдық қорының парақшасына бір топ бала құрдас баланы аяқпен теуіп, ұрып жатқан видеосы түскен, деп хабарлайды Zakon.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбір көрген баланың ата-анасы қоғам белсенділеріне жүгініп, шағымданды.

«8-12 жастағы ұлдар ауладағы балаларға тыныштық бермейді. Олар балаларды итеріп, қорлайды, шабуылдайды және жаппай ұрады. Ата-аналары әрекетсіздік танытып жатыр», — деп жазды желі қолданушысы.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді.

«Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», — деп хабарлады департамент.

Соттың шешімі бойынша материалдар Павлодар әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі.