Оралда қоқыс контейнерінен шақалақ табылды


16:41, 14 тамыз 2025

Оқиға 2025 жылғы 14 тамызда Зачаганск шағынауданындағы Бірлік көшесі, 17-үйдің ауласында болған. Бұл маңда құқық қорғау қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, «102» пультіне қоқыс контейнерінен сәби табылғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.

Облыстық Полиция департаменті ақпаратта растады.

«Орал қаласында жаңа туған нәрестенің мәйіті табылуына байланысты полиция қызметкерлері ананы анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр және оқиғаның мән-жайын анықтауға тексеру жүргізілуде», – деді БҚО ПД өкілдері.

Оқиға бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.

Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде де жаңа туған нәрестенің мәйіті қоқыс жәшігінен табылған еді.