17:12, 14 сәуір 2026
Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, кинолог мамандары және Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымының жолы кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қордай – Шу автожолының 34-шақырымында полицейлер 59 жастағы азамат басқарған Audi көлігін тоқтатты. Макс қызметтік-іздестіру итімен көлікті тексеру барысында алдыңғы қақпақ астынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған полипропилен қап табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 4 келіге жуық гашиш есірткісі екені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті ұсталып, Қордай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.






Leave a Reply