16:36, 15 сәуір 2026
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында екі жасөспірімнің мәйіті табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 15 сәуірде тараған ақпаратқа сәйкес, екі 9-сынып оқушысының денесі таңертең бір қорадан табылған. Алдын ала деректер бойынша, жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Қайтыс болғандар әртүрлі отбасынан шыққан.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында 8-сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарланған болатын.






Leave a Reply